Астана әуежайында екі жүзден астам iPhone 18 смартфонын заңсыз әкелмек болғандар анықталды
Астана әуежайында жүздеген iPhone 18 смартфонын заңсыз әкелмек болғандардың жолы кесілді. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ведомство мәліметінше, «Әуежай – Астана» кеден бекетінің қызметкерлері мобильді құрылғыларды заңсыз әкелудің 10 фактісінің жолын кескен. Барлығы 223 дана iPhone 18 смартфоны және 10 жұп AirPods сымсыз құлаққабы анықталды.
Кедендік бақылау барысында жолаушылардың багажында көп мөлшерде мобильді құрылғыларды «жасыл дәліз» арқылы, яғни кедендік декларацияны ұсынбастан алып өткені анықталған.
Атап айтқанда, бір жағдайда жолаушы багажында бірден 50 смартфонды әкелуге әрекет жасаған. Бұл жеке тұлғаның кедендік төлемдерді төлемей және декларацияламай, жеке пайдалануға арналған тауар ретінде алып өтуіне белгіленген мөлшерден едәуір асып түседі. Анықталған фактілер бойынша 4 тұлғаның жеке кәсіпкер мәртебесі болғаны, тағы 4 тұлғаның жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей тауар әкелгені анықталды.
Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу кезінде заңнамада белгіленген жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты өлшемшарттарды ескеру қажеттігін еске салады.
«Ұялы телефондарға қатысты жеке тұлғаларға бір адамға 2 смартфоннан артық емес мөлшерде алып өтуге рұқсат етіледі. Егер өткізілетін тауарлардың саны немесе сипаты жеке пайдалануға арналған тауарларға белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келмесе, олар кедендік декларациялануы және рәсімделуі керек», - делінген хабарламада.
Анықталған мобильді құрылғылар уақытша сақтау қоймасына орналастырылды. Анықталған фактілер бойынша заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілік шаралары қабылданып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін елге «Еуро-2» техникасын заңсыз әкелгендерге қатысты тергеу аяқталғаны туралы жаздық.