Қазақстан ТЖМ халықаралық отырыста жаңа технологияларын таныстырды

23 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қазақстан ТЖМ халықаралық отырыста жаңа технологияларын таныстырды
Фото: ТЖМ

Беларусьте Қазақстан, Беларусь және Ресей төтенше жағдайлар ведомстволарының Бірлескен алқасының XIII отырысы өтіп, онда қазақстандық құтқарушылар отандық технологиялық әзірлемелерін таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан делегациясын Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов басқарды. Отырыста өрт сөндіру-құтқару техникасын дамыту, заманауи технологияларды енгізу, электр көліктерінің өрт қауіпсіздігі және тау-кен құтқару қызметтерінің жұмысы талқыланды.

Қазақстан тарапы ТЖМ бөлімшелерінде қолданылатын шынжыр табанды өрт сөндіру роботын, көпфункционалды роботтандырылған платформаны, бейімделген өрт сөндіру-құтқару техникасын және мобильді байланыс пен басқару кешендерін көрсетті.

Сондай-ақ қатысушыларға ұшқышсыз технологиялар, цифрлық мониторинг және болжау жүйелері, күрделі табиғи жағдайларда жұмыс істеуге арналған шешімдер мен құтқару авиациясының мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл әзірлемелер Қазақстанның кең аумағын, далалық, таулы және орманды аймақтарын, сондай-ақ ірі өнеркәсіптік нысандарын ескере отырып жасалған.

Отырыста электр көліктерінің өрт қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы электромобильдерді сөндіру тәсілдері мен төтенше жағдай кезінде құтқару бөлімшелерінің іс-қимыл тәртібін таныстырды. Тарту батареяларын салқындатуға арналған арнайы құралдар, өртке қарсы жабындар және зақымданған көліктерді тасымалдауға арналған жабдықтар көрсетілді.

Тараптар тау-кен құтқару қызметтерінің жұмысын ұйымдастыру және мамандарды даярлау мәселелерін де талқылады. Кездесу қорытындысында ғылыми-техникалық және өндірістік ынтымақтастықты дамыту, техниканы бірлесіп сынау, деректер алмасу және практикалық тәжірибе бөлісу бағыттары белгіленді.

Отырыстың алдында үш елдің құтқару ведомстволарының басшылары Несвиж қамал саябағындағы Кеңес жауынгерлері мен партизандары жерленген бауырластар қабіріне гүл шоқтарын қойып, қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұған дейін Астанада құтқарушылар Есілге түсіп кеткен көлікті шығарғанын жаздық.