Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бәпи және Рауан Кенжеханұлы - Қазақстан Халық Кеңесіне қазақ тілінің жанашырлары кірді

22 қыркүйек, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бәпи және Рауан Кенжеханұлы - Қазақстан Халық Кеңесіне қазақ тілінің жанашырлары кірді
Фото: senate.parlam.kz/parlament.kz/Рауан Кенжеханұлының әлеуметтік парақшасынан

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамынан қазақ тілінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген белгілі азаматтарды көруге болады. Олардың қатарында көпке жүзі де, ісі де таныс Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бәпи және Рауан Кенжеханұлы бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Нұртөре Жүсіптің көп жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқарып, қазақ журналистикасының дамуына үлес қосқан қаламгер екенін білмейтін адам кемде-кем. Сондай-ақ, қоғам қайраткерінің бұрынғы ҚР Парламенті Сенат депутаты болғаны елге мәлім. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ана тілімізге деген құрметті қалыптастыру мәселелерін тұрақты түрде көтеріп келеді.

Ермұрат Бәпи де журналистіктен қоғам қайраткерлігіне дейін өскен тұлға. Ол журналистика саласында да, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған кезде де қоғамдық мәселелер мен мемлекеттік тілдің қолданысына қатысты өткір пікірлерімен танымалдыққа ие болды. 

Рауан Кенжеханұлы – әр жылдары дипломатиялық қызметте, мемлекеттік басқару және білім беру салаларында еңбек еткен қоғам қайраткері. 2023 жылдан бері Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті. Қазақ тілін дамыту мен оның қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысып келеді.

Үш азаматтың да Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енуі – қазақ тіліне қатысты мәселелердің қоғамдық диалог алаңында көтерілуіне зор мүмкіндік беретініне көпшіліктің сенімі мол.

Еске салайық, бұған дейін Президенттің Жарлығы жарияланған болатын. Қазақстан Халық Кеңесіне еліміздің 126 азаматы кірді.