Бүгін елорда тұрғындары қалалық мәслихат депутаттарын сайлау үшін дауыс беруде. Қаладағы №50 сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-де ресми түрде ашылып, тұрғындар дауыс беруге келе бастады. Осы сайлау учаскесінде ақын, қоғам қайраткері Ғалым Жайлыбай да өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері бүгінгі сайлаудың маңызы мен жаңашылдығына тоқталды.
«Барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы елімізде ел еңсесін тіктер, түрлі Жаңа Қазақстан бағдарламасын алға ұсынып отырған уақытта өтіп жатыр. Алдында ғана біз Құрылтай сайлап, Халық кеңесін бекемдеп, жаңа бір жолға түскен болатынбыз. Бүгін енді жергілікті мәслихаттардың сайлауы болғаннан кейін, бұл жерге де тұғырлы, талантты, елдің алдында айтары бар, сараптамалық дүниелерге көзқарастары бар азаматтар, сондай партиялар өтсе деп ойлайсың. Қашанда өзі сайлау деген дүние елдің ертеңі үшін беріледі, халықтың жақсылығы үшін беріледі. Бүгін сондай бір үлкен үмітпен, күллі болашағымызға деген үлкен сеніммен сайлауға қатысып, дауыс беріп отырмыз», - деді ол.

Қоғам қайраткері бүгінгі сайлаудан қандай үміт күтетінін де айтты.
«Бұл заң шығару органы болғандықтан, жергілікті жерлердің де үлкен-үлкен маңызды мәселелері бар, ол қала болсын, ауыл болсын, мен сол мәселелер шешілсе екен, жұрттың әлеуметтік жағдайы, халықтың тұрмысы жаңа тыныс алып, серпіліспен жоғарылай берсе екен деймін. Сол үшін біздің сайлаған депутаттарымыз арлы, үлкен дүниелерге қадам жасай алатын азаматтар болса екен деймін», - деп пікір білдірді ақын.

Айта кетейік, аталған сайлау учаскесінде сайлаушылардың белсенділігі жоғары, сайлау кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасады.
Еске салсақ, елордада ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасалды