Василий Тахтай және Әділхан Көпбаев – Қазақстан Халық Кеңесіне жаңа буын өкілдерінен тағы кімдер кірді?
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына қоғамның түрлі салаларындағы өкілдермен қатар жастар ұйымдары мен жаңа технологиялар саласында еңбек етіп жүрген мамандар да енді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мемлекет басшысының 22 қыркүйектегі Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Кеңеске барлығы 126 азамат кірді. Олардың қатарында қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, депутаттар, ғалымдар, кәсіпкерлер, журналистер, мәдениет және спорт саласының өкілдері бар.
Жаңа буын өкілдерінің қатарында «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Василий Тахтай бар. Ол жастар ұйымының атынан Кеңес құрамына енді.
Сондай-ақ Кеңес құрамына цифрлық және технологиялық бағыттағы маман Әділхан Қопабаев кірді. Ол Digital Nomads IT-қоғамдастығының мүшесі, Apple компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс және Орталық Азия мен Арменияға арналған саясат бөлімінің басшысы.
Жастар және жаңа технологиялар бағытында Кеңес құрамына «Qazaqstan Team» республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлеймен де енді.
Сонымен қатар Кеңесте креативті индустриялар мен жасанды интеллект саласының өкілі Әйгерім Серікжанова бар. Ол «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының креативті технологиялар және жасанды интеллект зертханасының басшысы.
Жастармен жұмыс және балалар саясаты бағытында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрағасы Ақнұр Тұрдалиева да Кеңес құрамына кірді.
Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамында қоғамдық сектордың дәстүрлі өкілдерімен бірге жастар ұйымдары, IT, жасанды интеллект және креативті индустрия саласында жұмыс істейтін мамандар да бар.