«Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық сурет байқауына өтінім қабылдау басталды

5 маусым, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық сурет байқауына өтінім қабылдау басталды
Фото: t.me/mangystau_news

5 маусым күні аталып өтетін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орай ұйымдастырылған «Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық сурет байқауына өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет жіне ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Байқаудың тақырыбы – Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар мен өсімдіктер әлемі. Шығармашылық сайыс жас таланттарды қолдауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталады. Жобаны Креативті индустрияларды дамыту қоры корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр.

Байқауға еліміздің барлық өңірінен 1-11 (12) сынып оқушылары қатыса алады. Қатысушылар 1-4 сынып, 5-8 сынып және 9-11 (12) сыныпқа бөлініп, үш жас санаты бойынша бақ сынайды.

«Қатысушылар Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануар немесе өсімдік түрін таңдап, оның бейнесін өз туындысында ұсынуы тиіс. Жұмыста таңдалған өсімдік не жануардың табиғаттағы орны, ерекшелігі, мекен ету ортасы және оны сақтаудың маңызы көрсетілуі қажет», делінген хабарламада.

Суретпен қоса, әр қатысушы көлемі 500 таңбаға дейінгі «Неліктен мен дәл осы түрді таңдадым және оның болашақ ұрпақ үшін маңызы қандай?» тақырыбында шағын эссе жазуы керек.

Заманауи өнер, street art және эксперименттік бағыттағы жұмыстар қабылданады.

Байқауға қатысу үшін оқушы жұмысы Instagram, TikTok, Facebook, Threads немесе X әлеуметтік желілерінің бірінде жариялануы қажет. Сонымен бірге қатысушы туралы мәлімет көрсетіліп, #DalaQazynasy және #QazaqCreative хэштегтері, сондай-ақ @qazaqcreative ресми парақшасы белгіленуі тиіс.

Кейін қатысушы https://forms.gle/Atqq7GBK8btzmovD7 сілтемесі арқылы өтінім толтырып, суреттің файлын, эссені және әлеуметтік желідегі жарияланымға сілтемені қоса тіркеуі керек.

Өтінім қабылдау 5 маусым - 27 шілде аралығында жалғасады. Байқау жұмыстарын кәсіби суретшілер, иллюстраторлар және сала мамандарынан құралған сараптама комиссиясы бағалайды. Сонымен қатар «Халық таңдауы» аталымы бойынша ашық онлайн дауыс беру ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, «Үздік экологиялық үндеу», «Үздік көркем шешім», «Үздік цифрлық туынды», «Ең жас талант» және «Халық таңдауы» арнайы аталымдары тағайындалды.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар мен өсімдіктерге арналған «Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» арнайы арт-кітабында жарық көреді. Сондай-ақ жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталады.

Астаналық педагогтер республикалық байқаудың Гран-при иегері атанды.