Таза Қазақстан: Астанада жастар Есіл жағалауындағы плоггинг акциясына қатысты

Таза Қазақстан: Астанада жастар Есіл жағалауындағы плоггинг акциясына қатысты
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орай Астанадағы Есіл өзенінің жағалауында ерекше экологиялық акция – плоггинг өтті. Іс-шараға «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғам назарын аудару, экологиялық жауапты өмір салтын насихаттау және табиғи аумақтардың тазалығын сақтауға үлес қосу.

Қатысушылар жүгіріп жүріп қоқыс жинап, жағалау аумағын қоқыстан тазартты.

«Еліміздің тазалығы – денсаулығымыздың кепілі. Әрбір адам қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, өзінен кейін қалған қоқысты жинап, арнайы контейнерлерге тастауы қажет. Егер мұндай мәдениеті қалыпты жағдайға айналса, еліміз де таза, халқымыз да дені сау болады», – деді пенчак силаттан қаланың аға жаттықтырушысы Нұржан Бекентаев.

Акция Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне арналған іс-шаралардың бір бөлігіне айналып, қатысушыларды табиғатқа ұқыпты қарау мен тазалықты сақтау жолындағы ортақ мақсат төңірегіне ұштастырды.