Астанадағы екі көшеге София мен Марко Поло атауын беру ұсынылды

5 маусым, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Астанадағы екі көшеге София мен Марко Поло атауын беру ұсынылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында елордадағы бірқатар көшелерге жаңа атау беру мәселесі қаралды. Бұл туралы Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы ММ басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ұсыныстар қайтадан тиісті комиссияның қарауына жолданған.

«Ұсыныстарға сәйкес, Нұра ауданында орналасқан жобалық атауы Е-754 көшесіне «София» атауын беру ұсынылып отыр. Бұған дейін Болгария астанасы София қаласында орталық көшелердің біріне «Астана» атауы берілген болатын. Сол көшенің ұзындығы шамамен бір шақырымнан асса, Астанада ұсынылып отырған көше ұзындығы 535 метрді құрайды. Бұл аумақта «Хилтон» қонақүйі, «Жер және адам» ұлттық музейі сияқты маңызды нысандар орналасқан», – деді Досжан Исабек.

Сессия барысында халықаралық ынтымақтастықты бейнелейтін тағы бір бастама таныстырылды. Ол елордадағы атаусыз көшелердің біріне әйгілі саяхатшы Марко Полоның есімін беру туралы ұсыныс.

«Тұран даңғылынан басталып Қабанбай батыр даңғылына дейін созылатын, «Астана Арена» спорт кешені мен «Алау» мұз айдынының сарайы арасындағы атаусыз көшеге Марко Поло атауын беру қарастырылып отыр. Бәріміз білетіндей, Марко Поло – XIII-XIV ғасырларда өмір сүрген венециялық көпес әрі саяхатшы, Азия туралы құнды географиялық және тарихи деректер қалдырған тұлға», – деді мекеме басшысының міндетін атқарушы.

Ұсыныс авторлары мұндай шешімдер халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы өзара құрмет пен достық қарым-қатынасты дамытуға ықпал ететінін атап өтті.