500 тоннаға жуық өнім: Астанадағы соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қалай өтті

500 тоннаға жуық өнім: Астанадағы соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қалай өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордадағы «Қазанат» ипподромында осы жылдың соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда Ақмола облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Ақмола облысының 20 ауданынан келген шаруалар мен тауар өндірушілер елорда тұрғындарына өз өнімдерін жеткізді.

Елордаға жалпы көлемі 497,21 тоннаға жуық өнім жеткізілді. Оның ішінде 154 тонна ет, 31,75 тонна сүт өнімдері, 227 тонна көкөніс, 23 тонна шұжық пен жартылай фабрикат, 62 тонна өзге де азық-түлік және 150 мың дана тауық жұмыртқасы бар.

Басты сахнадағы үлкен LED-экраннан күзгі егін жинау науқанының көріністері көрсетіліп, көрермендерге арналған ерекше шоу ұсынылды. Қонақтар үшін түрлі қызықты ұтыс ойындары ұйымдастырылып, мол дастарқан жайылды. Ашық аспан астындағы фуд-аймақтар мен арнайы шатырларда қала тұрғындарына ыстық бауырсақ пен өзге де ұлттық тағамдар ұсынылды.



Жәрмеңкеге қала тұрғындары отбасыларымен келіп, қажетті азық-түлігін сатып алды. Сонымен қатар мерекелік іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісті.

«Біз мұнда таңертеңнен бері жүрміз. Жәрмеңкенің ауқымы таңғалдырды. Қысқа жететін ет пен көкөністі өте тиімді бағада сатып алдық. Бізге ыстық бауырсақ ұсынды, ерекше концерт тамашаладық. Көңіл күйіміз көтеріліп қалды. Бүкіл отбасымызбен бірге нағыз мерекенің куәсі болдық!» – деді елорда тұрғыны Гүлнәр Айтбаева.

Еске салсақ, Түркістан облысында қыш өнеріне арналған халықаралық жәрмеңке өтеді.