Астана әуежайына бір мың аустралиялық қой Boeing-пен ұшып келді

Астана әуежайына бір мың аустралиялық қой Boeing-пен ұшып келді
Фото: АШМ

Астана халықаралық әуежайы Аустралиядан жеткізілген ерекше жүкті қабылдады. Қазақстан астанасына әуе көлігімен Дорпер тұқымды 1 100 қойдың алғашқы партиясы жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz. әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қойды Астана әуежайына Qatar Airways Cargo әуе компаниясының Boeing 777F кең фюзеляжды жүк ұшағы ен жеткізді. Аталған әуе кемесі алыс қашыққа ұшуға арналған және жануарлар, ірі көлемдегі жүктерді қауіпсіз талапқа сай тасымалдауға мүмкіндік береді.

Отар қой «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша «Ерейментау Астық-2014» ЖШС-на әкелінді. Алғашқы партия компанияға жалпы 4 мың ұсақ мал сатып алуға бағытталған жоба бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, мұндай әуе рейсінің артында тірі жүкті жеткізу ғана емес, халықаралық авиация мен ауыл шаруашылығын байланыстыратын тұтас логистикалық үдеріс тұр.

Жануарларды әуе көлігімен тасымалдау логистиканы ұйымдастыруға ерекше көзқарасты, ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын, сондай-ақ барлық қызметтің үйлесімді жұмысын талап етеді.