Астанада 300-ден астам қамқоршы марапатталды

Бүгін, 08:28
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада 300-ден астам қамқоршы марапатталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы «Tanym» көпфункционалды кешенінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге бар көңілін арнаған қамқоршылардың құрметіне салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап. 

300-ден астам қамқоршыға құрмет грамоталары, алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Кеш мерекелік концертпен аяқталды.
Іс-шараны Астана қаласының Бала құқықтарын қорғау басқармасы ұйымдастырды. 

Ведомствоның негізгі міндеттерінің қатарында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық мәселелері бойынша жұмысты үйлестіру, жетім балаларды отбасыларға орналастыру, сондай-ақ олардың тұрғын үй және мүліктік құқықтарын қорғау бар.

«Бұл – дәстүрлі түрде жыл сайын өткізетін іс-шарамыз. Қазір Астанада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 800-ден астам бала отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Елордада 600-ден астам қамқоршы бар.
Қамқоршылық мәселелеріне қатысты сұрақтары бар азаматтар үшін психологтер мен заңгерлердің, сондай-ақ тұрғын үй мәселелері бойынша мамандардың тегін кеңесін ұйымдастырдық. 

Біздің мақсатымыз біреу – әр баланың өз отбасы болуы керек!» – деді Астана қаласының Бала құқықтарын қорғау басқармасы Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің бас маманы Қарлығаш Асқарова.

Немересін өз тәрбиесіне алған әже Гүлнәр Исаева да өз оқиғасы жайлы ой бөлісті. Айтуынша сегіз жыл бұрын балалары қайтыс болып, немересін өз тәрбиесіне алған.

«Қазір немерем 16 жаста. Колледжге оқуға түсті, аспаз-кондитер болуды армандайды. Қамқоршылық жасау – игілікті іс. Оған менен басқа кім осылай тәрбие беріп, қамқорлық көрсете алады? Менің бір ғана немерем бар, ал мұнда төрт жетім баланы тәрбиелеп отырған адамдар да бар», – деді ол.