Қазақстандықтар енді жасанды интеллект арқылы оқу курстарын таңдай алады

Қазақстандықтар енді жасанды интеллект арқылы оқу курстарын таңдай алады
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстанда Skills Enbek платформасындағы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-боттың мүмкіндіктері кеңейтілді. Енді ол азаматтардың кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын ескеріп, өздеріне сәйкес келетін онлайн оқу курстарын ұсынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа функцияны «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ әзірлеген.

Егер азаматтың Enbek.kz электрондық еңбек биржасында түйіндемесі болса, чат-бот ондағы білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары туралы мәліметтерді талдап, сәйкес келетін оқу курстарын ұсынады.

Ал түйіндемесі жоқ пайдаланушылар өздерінің кәсіби қызығушылықтары мен меңгергісі келетін дағдыларын көрсете алады. Осы ақпарат негізінде жасанды интеллект бірнеше курсты іріктеп береді. Соңғы таңдауды пайдаланушының өзі жасайды.

Ведомство мәліметінше, бұл мүмкіндік азаматтарға біліктілігін арттыруға, жаңа дағдыларды меңгеруге немесе басқа мамандыққа ауысуға қажетті курстарды оңай табуға көмектеседі.

Қазір Skills Enbek платформасында 1,3 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Мұнда түрлі бағыт бойынша 568 онлайн курс бар. Олардың 60 пайыздан астамы тегін ұсынылады.

Платформа іске қосылғалы бері пайдаланушыларға 1,29 миллионнан астам сертификат берілген.

Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 114,8 мыңнан астам қазақстандық онлайн курстарды сәтті аяқтаған. Олардың 43,3 мыңы – жұмыссыз азаматтар.

Курсты аяқтаған пайдаланушыларға электрондық сертификат беріледі. Егер азаматтың Enbek.kz платформасында түйіндемесі болса, сертификат туралы ақпарат оған автоматты түрде енгізіледі.

Осылайша, жұмыс берушілер үміткердің қандай курстардан өткенін және қандай жаңа дағдыларды меңгергенін көре алады.

Жасанды интеллект көмегімен оқу курстарын таңдау үшін Skills Enbek платформасына кіруге болады.

Бұған дейін елімізде шетелге жұмысқа жіберетін агенттіктерге талап күшейтілетіні хабарланған еді.