Тоқаев көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды

Тоқаев көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды
Фото: Ақорда

Биылғы тоғыз айда Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 30 пайызға, ал транзиттік тасымал 90 пайызға артты. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету түркі елдері үшін басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жақындаған. Ал автомобиль көлігімен тасымалданған жүк көлемі 20 пайызға өсіп, 6,5 миллион тоннаға жеткен.

«Түркі әлемін өзара байланыстыру ісінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының алатын орны ерекше. Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артты. Соның ішінде транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өсті. Ал Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жақындады. Автокөлікпен тасымалданған жүк көлемі де 20 пайызға көбейіп, 6,5 миллион тоннаға жетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында арнайы бағдарлама жүзеге асырылатынын жеткізді.

«Осы орайда, біз Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыра түсу үшін елімізде басымдық ретінде арнайы бағдарламаны жүзеге асыратын болдық. Жалпы, еліміз үшін Орта дәліз бойындағы логистика инфрақұрылымын және теңіз порттарын жаңғырту жұмысының маңыздылығы өзгермейді. Алайда басқа көлік-логистика бағдарлары, яғни, Солтүстік-Оңтүстік дәлізі, «Бір белдеу, бір жол» жобасы және өзге де жолдар Қазақстан үшін өте пайдалы әрі тиімді болып қала береді», – деді Президент.

Осылайша, Қазақстан Орта дәліздің инфрақұрылымын дамыту мен теңіз порттарын жаңғыртуға басымдық бере отырып, өзге де халықаралық көлік бағыттарының мүмкіндіктерін пайдалануды жалғастырмақ.