Елорда аумағында көші-қон заңнамасын бұзған 1,3 мың шетелдік депортацияланды

Елорда аумағында көші-қон заңнамасын бұзған 1,3 мың шетелдік депортацияланды
Фото: magnific.com

Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасының талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қаланың полиция департаментіне сілтеме жасап.

Елордалық полиция қызметкерлері шетел азаматтары арасында профилактикалық түсіндіру өткізіп, Қазақстан заңнамасында белгіленген талаптарды орындаудың маңыздылығын түсіндіріп жатыр. Шетелдіктерге елде болу тәртібі, көші-қон заңнамасының талаптары, тіркеу және тиісті құжаттарды рәсімдеу тәртібі жөнінде ақпарат беріледі. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын бұзбау және құқыққа қайшы әрекет үшін көзделген жауапкершілік туралы ескертіледі.

«Жыл басынан бері елорда аумағында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 5 мыңнан астам шетел азаматы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Олардың ішінде шамамен 1 300 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге шығарылды. Бұдан бөлек, шетелдік азаматтардың келгені туралы уақтылы хабарламау, сондай-ақ тиісті құжаттарды рәсімдеу тәртібін бұзу фактісі бойынша Қазақстан Республикасының 1 800-ден астам азаматы әкімшілік жауаптылыққа тартылды», - делінген хабарламада.

Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға және белгіленген талаптарды мүлтіксіз орындауға шақырады.

Еске сала кетсек, 5 мыңнан астам шетелдіктің Қазақстанда болуын заңдастыруға көмектескен топ ұсталды.