Air Astana мен China Southern Airlines стратегиялық серіктестік орнатты

Air Astana мен China Southern Airlines стратегиялық серіктестік орнатты
Фото: Көлік министрлігі

Қазақстандық Air Astana және қытайлық China Southern Airlines әуе компаниялары екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейтуге, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және халықаралық бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжатқа қол қою рәсіміне Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Air Astana компаниясының серіктестіктер мен альянстар жөніндегі вице-президенті Ричард Леджер, China Southern Airlines компаниясының атқарушы вице-президенті Цзэн Юнчао, сондай-ақ авиация саласының өкілдері қатысты.

Бұл – Қазақстан мен Қытайдың әуе компаниялары арасындағы алғашқы стратегиялық серіктестік. Келісім бұған дейін қалыптасқан код-шерингтік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, екі тасымалдаушының коммерциялық байланыстарын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жолаушылар үшін не өзгереді?

Келісім аясында авиакомпаниялар рейстер кестесін өзара үйлестіруді, код-шерингтік бағыттарды кеңейтуді және бірлескен маркетингтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Код-шеринг – бір авиакомпанияның өз серіктесі орындайтын рейске де билет сатуына мүмкіндік беретін ынтымақтастық түрі. Мұндай жүйе жолаушыларға бірнеше әуе компаниясының маршруттық желісін пайдаланып, сапарын ыңғайлы жоспарлауға жағдай жасайды.

Жаңа серіктестік нәтижесінде Қазақстан мен Қытай қалалары арасындағы, сондай-ақ осы елдер арқылы басқа халықаралық бағыттарға ұшатын жолаушылар үшін сапар нұсқалары көбеймек. Әуе компаниялары қолайлы түйісу уақытын қамтамасыз етуге, тасымалдау шарттарын үйлестіруге және рейстер арасындағы ауысуды жеңілдетуге басымдық бермек.

Қытаймен әуе бағыттары 30-ға дейін ұлғаюы мүмкін

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Елдеріміз арасындағы рейстер саны 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артты. 2026 жылдың басынан бері бір миллионнан астам жолаушы тасымалданды. Министрліктің жоспарында Қытаймен маршруттық желіні одан әрі кеңейтіп, бағыттар санын 30-ға дейін жеткізу көзделген», – деді вице-министр.

Бұл көрсеткіштер екі ел арасындағы әуе тасымалына сұраныстың артып отырғанын көрсетеді. Ал жаңа келісім қолданыстағы бағыттардың мүмкіндігін кеңейтіп, халықаралық транзиттік тасымалды дамытуға қосымша жағдай жасамақ.

Қазақстанның транзиттік әлеуеті артады

Air Astana компаниясының серіктестіктер мен альянстар жөніндегі вице-президенті Ричард Леджер Қытайдың қазақстандық тасымалдаушы үшін стратегиялық маңызы бар нарық екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы тиімді географиялық орналасуы халықаралық әуе қатынасын дамытуға мүмкіндік береді.

«Қытай Air Astana үшін стратегиялық маңызды нарық болып табылады, ал Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік хабы ретінде тиімді географиялық орналасуға ие. China Southern Airlines әуе компаниясымен стратегиялық серіктестігіміз – осы рөлді дамытудағы және қытайлық жетекші әуе тасымалдаушыларының бірімен коммерциялық қарым-қатынастарды тереңдетудегі маңызды қадам. Бірін-бірі толықтыратын маршруттық желілерімізді біріктіре отырып және коммерциялық ұсыныстың негізгі элементтерін үйлестіре отырып, біз жолаушыларға саяхаттаудың көбірек мүмкіндіктерін, қолайлы түйісулерді, сондай-ақ екі авиакомпанияның рейстерінде бірыңғай қызмет көрсету шарттары мен ережелерін ұсынуға ұмтыламыз», – деді Ричард Леджер.

China Southern Airlines компаниясының атқарушы вице-президенті Цзэн Юнчао да келісімнің екі ел арасындағы авиациялық байланысты дамытудағы маңызына тоқталды.

«Қытай мен Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберіндегі маңызды серіктестер болып табылады. Бұл стратегиялық ынтымақтастық екі ел арасындағы авиациялық байланысты дамытудың маңызды нәтижесіне айналды және өркендеп келе жатқан өңірлік нарықты қалыптастыруға деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді. Бұл екі әуе компания үшін де әр тараптың артықшылықтарын пайдалануға және ресурстарды бірлесіп жұмылдыруға мүмкіндік беретін стратегиялық таңдау болып табылады. Жолаушылар үшін ең сезінерлік нәтиже – саяхаттың қолайлылығын арттыру: ұшудың көбірек нұсқалары, қайта отырудың жеңілдетілген процедуралары және жайлы сапар», – деді ол.

Екі авиакомпания аптасына 65-ке дейін барып-қайту рейсін ұсынады

Қазіргі уақытта Air Astana Астана мен Алматыдан Қытайдың Үрімжі, Бейжің, Гуанчжоу және Шанхай қалаларына тұрақты рейстер орындайды. Сұраныс жоғары маусымда авиакомпания аптасына 36-ға дейін барып-қайту рейсін ұсынады.

Ал China Southern Airlines Үрімжі, Бейжің, Гуанчжоу және Сиань қалаларынан Астана мен Алматыға ұшады. Компанияның қарбалас маусымдағы рейстер саны аптасына 29-ға дейін жетеді.

Осылайша, екі тасымалдаушының қолданыстағы маршруттық желісі сұраныс жоғары кезеңде аптасына 65-ке дейін барып-қайту рейсін қамтиды.

Жаңа стратегиялық серіктестік осы бағыттарды өзара байланыстырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік, туристік, білім беру және отбасылық сапарларды дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар келісім Қазақстан арқылы Қытайға және Қытай арқылы өзге мемлекеттерге сапар шегетін транзиттік жолаушылар үшін де қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Айта кетейік, China Southern Airlines – штаб-пәтері Гуанчжоу қаласында орналасқан Қытайдың ірі әуе тасымалдаушыларының бірі. 2026 жылдың ортасындағы мәлімет бойынша, компания паркінде 973 жолаушылар және жүк ұшағы бар.

Әуе компаниясы халықаралық авиациялық қауіпсіздік рейтингтерінде жоғары бағаланып, бірнеше салалық марапатқа ие болған.

Қазақстан мен Қытайдың әуе тасымалдаушылары арасындағы алғашқы стратегиялық келісім екі елдің авиация саласындағы ынтымақтастығын тереңдетіп қана қоймай, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретіндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Бұған дейін Астана әуежайы ICAO Security Week 2026 аясында ынтымақтастық туралы келісім жасасқаны хабарланған еді.