Қазақстанда меншік нысанына қарамастан барлық диализ орталықтарының жұмысына кешенді бағалау жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жыл соңына дейін өңірлерде нефрология бойынша жаңа құзыреттілік орталықтары ашылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Алматыда өткен Денсаулық сақтау министрлігі алқасының көшпелі отырысында белгілі болды. Жиында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бүйрек ауруларын ерте анықтауды күшейтіп, нефрологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды тапсырды.

Қазір Қазақстанда созылмалы бүйрек ауруымен ауыратын 40 мыңнан астам пациент диспансерлік есепте тұр. Ал ауруы алғаш рет анықталған әрбір үшінші адам дәрігерге бүйрек функциясын алмастырушы терапия қажет болатын терминалдық сатыда жүгінеді.
«Қаржыландыру көлемі жыл сайын 10-12%-ға артып келеді. Алайда пациенттердің бір бөлігі ауруды дер кезінде анықтап, емдеген жағдайда бүйрек функциясын сақтап қалуы мүмкін еді. Сондықтан емханадан бастап мамандандырылған орталықтарға дейінгі нефрологиялық қызметтің тиімді жүйесін қалыптастыру қажет», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министрлік мәліметінше, қосымша зертханалық зерттеулерді енгізу нәтижесінде созылмалы бүйрек ауруы анықталған жағдайлар саны 2025 жылғы 26 мыңнан 2026 жылдың тоғыз айында 40 мыңнан астамға жеткен.
Қазіргі уақытта нефрология бойынша құзыреттілік орталықтары еліміздің тоғыз өңірінде жұмыс істейді. Министр қалған өңірлерде мұндай орталықтарды жыл соңына дейін ашуды тапсырды.
Диализ қызметінің сапасына бақылау күшейеді
Алқа отырысында гемодиализ қызметінің сапасы мен медициналық ақпараттық жүйелердегі деректердің дұрыстығына ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, 6 400 пациенттің деректерін талдау кезінде соңғы гемодиализ жүргізілген күн мен пациенттің қайтыс болған күні сәйкес келетін жағдайлар, сондай-ақ медициналық көмек көрсету хронологиясын нақтылауды қажет ететін жазбалар анықталған.
Министр бұл мәліметтерді бастапқы медициналық құжаттармен салыстырып, толық тексеруді тапсырды.
«Мұндай жағдайлардың барлығын толық қайта тексеру қажет», – деді министр.
Сонымен қатар барлық диализ орталықтарының қызметіне кешенді бағалау жүргізу жоспарланып отыр. Негізгі назар медициналық көмектің сапасына, пациенттердің қауіпсіздігіне және емдеудің үздіксіздігіне аударылады.
Министрлік гемодиализ қызметін қаржыландыру тәсілдерін де қайта қарамақ. Бұл ретте көрсетілген көмектің сапасы мен емдеудің клиникалық нәтижелері ескерілетін болады.
Бүйрек трансплантациясын 4,2 мыңнан астам адам күтіп отыр
Нефрологиялық көмекті дамытудың тағы бір бағыты – бүйрек трансплантациясын, әсіресе балаларға жасалатын операцияларды жетілдіру.

Қазіргі уақытта елімізде 4,2 мыңнан астам адам трансплантация күту парағында тұр.
Осыған байланысты Ақмарал Әлназарова балаларды шетелге бүйрек трансплантациясына жіберу өлшемшарттарын қайта қарауды және қажетті қаржылық есептеулерді әзірлеуді тапсырды.
Бұдан бөлек, нефрологиялық қызметтің кадрлық әлеуетін нығайту, гемодиализ емшараларын жүргізуге арнайы даярланған орта буын медицина қызметкерлерін кеңінен тарту және трансплантациядан кейінгі пациенттерді бақылауды жетілдіру көзделіп отыр.
Министрліктің мәліметінше, бұл шаралар бүйрек ауруларын ерте анықтауға, ауыр асқынулардың алдын алуға және өңірлердегі пациенттердің сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік беруге бағытталған.

Бұған дейін дәрігерлер салмағы 679 грамм болып туған сәбиді аман алып қалғаны хабарланған еді.