Степногорск қаласының прокуратурасы балаларға тиісті маман сертификатынсыз медициналық қызмет көрсету фактісін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, «Viamedis» ЖШС филиалының тіс дәрігері балаларға медициналық қызмет көрсету құқығын беретін тиісті маман сертификатынсыз медициналық көмек көрсеткен.
Аталған дәрігер 345 кәмелетке толмаған пациентке медициналық қызмет көрсеткені, ал көрсетілген қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен төленгені анықталды.
Негізсіз төленген медициналық қызметтердің жалпы сомасы 2 569 792 теңге. Балаларға қажетті құжатсыз медициналық көмек көрсету олардың денсаулығына қауіп төндіріп, сапалы әрі білікті медициналық көмек алу құқығын бұзған.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою және негізсіз төленген қаражатты қайтару шарасы қабылданып, нәтижесінде 2,5 млн теңге мемлекетке қайтарылды.
Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мектеп жасындағы балаларды профилактикалық тексеру барысында 80 мыңнан астам оқушыдан тісжегі анықтады.