Еліміздегі Гази университетінің филиалы болашақ педагогтерді даярлауға кірісті

Бүгін, 18:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Еліміздегі Гази университетінің филиалы болашақ педагогтерді даярлауға кірісті
фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті мен Түркияның Гази университеті арасындағы ынтымақтастық аясында педагог кадрларды даярлаудың жаңа мүмкіндіктері ашылып отыр. Қазақстанда ашылған Гази университетінің филиалында бүгінде 76 студент ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Болашақ педагогтарға отандық оқытушылармен қатар Түркиядан арнайы келген мамандар да дәріс береді. Атап айтқанда, ағылшын тілінен Пелин Ердоған мен Майде Йылмаз, түрік тілінен Мехмет Ер сабақ жүргізеді. Ал филиалдағы оқу үдерісін ұйымдастыру жұмыстарын Гази университетінің үйлестірушісі Махмут Читил үйлестіреді.

Филиалдың қызметін тиімді ұйымдастыру және бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру мақсатында жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Қайрат Балабиев филиалға Түркиядан келген мамандармен кездесіп, оқу үдерісінің ұйымдастырылу барысымен және студенттерге жасалған жағдайлармен танысты.

Шетелдік мамандардың сабақ беруі студенттердің ағылшын және түрік тілдерін тәжірибе жүзінде меңгеруіне, кәсіби құзыреттерін дамытуына және халықаралық білім беру тәжірибесін игеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама болашақ педагогтердің академиялық көкжиегін кеңейтіп, олардың кәсіби даярлығын жетілдіруге бағытталған.

Гази университетінің филиалы екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық байланысты нығайтып, Қазақстан мен Түркияның білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді.