2025 жылғы Жаһандық инновациялар индексінің (Global Innovation Index) нәтижесі бойынша Қазақстан Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында «Білім беру» көрсеткіші бойынша бірінші орынға ие болды. Әлемдік рейтингте еліміз 68-орынға шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде де оң динамика байқалды. «Білім беру» көрсеткіші бойынша Қазақстан 69 елдің арасында 2021 жылғы 45-орыннан 2025 жылы 38-орынға көтеріліп, соңғы бес жылдағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Тағы бір маңызды жетістік - Қазақстанның орта білім беру жүйесіндегі оқушылар мен педагогтер санының ара қатынасы бойынша 69 елдің арасында екінші орын алуы. IMD-ның Әлемдік таланттар рейтингінің мәліметіне сәйкес, елімізде бір педагогке 8,34 оқушыдан келеді.
Мемлекеттік саясат аясында білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектеп салынды. Сонымен қатар педагогтерді қолдау шарасы жетілдіріліп, білім сапасын арттыруға қажетті жағдай жасалып жатыр.
Еске сала кетсек, еліміздегі мектеп кітапханаларының қоры 142 млн данаға жетті.