Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, мемлекет меншігіндегі 168 гидротехникалық нысанға көпфакторлы тексеру жүргізу көзделген. 2024 жылдың басынан бері бүгінге дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі 138 гидротехникалық нысанды тексерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жоспарда қамтылған нысандардың шамамен 82%-ы. Тексерілген нысандардың қатарында Ақтөбе облысындағы Ақтөбе және Қарғалы су қоймалары, Алматы облысындағы Бартоғай және Күрті су қоймалары, Шығыс Қазақстан облысындағы Үйдене су қоймасы, Жамбыл облысындағы Теріс ащыбұлақ су қоймасы, Батыс Қазақстан облысындағы Бітік және Пятимар су қоймалары, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасы және Қостанай облысындағы Жоғарғы Тобыл су қоймасы бар.
Министрліктің мәліметінше, жыл соңына дейін тағы 10 гидротехникалық нысанды тексеру жоспарланған. Ал келесі жылы қалған 20 нысан тексеруден өтеді.
Көпфакторлы тексеру су шаруашылығы нысандарының жай-күйін бақылау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Мұндай тексеру жөндеуді қажет ететін нысандарды дер кезінде анықтауға, сондай-ақ апаттар мен су бөгеттерінің бұзылу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді. Тексеру қорытындысы бойынша нысанның қауіпсіздік декларациясы әзірленіп, тәуелсіз сараптамаға жіберіледі.
«Кешенді жоспарда көзделген іс-шараларды іске асыру жұмысы жалғасып жатыр және министрліктің тұрақты бақылауында. Көпфакторлы тексерулер гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйі туралы өзекті мәлімет алуға, ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға және олардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды белгілеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тексеру нәтижелері жөндеу және қалпына келтіру жұмысына қатысты негізделген ұсыныстар әзірлеуге жол ашады», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.
Еске сала кетсек, биыл еліміздің су саласына 192,6 млрд теңге инвестиция тартылды.