Астанада 2027 жылы жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұндай ауқымдағы жұмыстар ел тарихында бұрын-соңды болмаған.
«Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады. Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік хабына айналдыру үшін халықаралық бағыттарды қоса алғанда, бүкіл көлік саласын толық цифрландыру қажет екеніне тоқталды.