Президент жаңа Азаматтық кодекс әзірлеуді ұсынды

Президент жаңа Азаматтық кодекс әзірлеуді ұсынды
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қолданыстағы Азаматтық кодекс тарихи миссиясын толық атқарғанын атап өтіп, жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазіргі жағдайда инновацияларды табысты енгізіп, экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру ісінде құқық жүйесі айрықша рөл атқарады.
 
Қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қабылданды.
 
Кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты десек, артық болмайды.
 
Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті.
 
Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Дегенмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленді.
 
Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде қоғамымыз түбегейлі өзгерді.
 
Осының бәрін ескере отырып, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын.
 
Бұл кәсіпкерлердің, инвесторлардың және азаматтардың алаңсыз жұмыс жүргізуі үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
 
Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесе отырып, осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кіріскені жөн.
 
Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың аяғына дейін қабылдаса жөн болар», - деді Мемлекет басшысы.