Тоқаев: Мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуі тиіс

Тоқаев: Мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуі тиіс
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру кезінде азаматтардың жағдайын барынша ескеріп, реформаларды жан-жақты сараптаудан өткізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Жолдауында мемлекеттік қолдаудың ең алдымен көмекке шын мұқтаж азаматтарға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

«Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саладағы өзгерістер қоғамда қызу талқыланып жатқанын, азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық көтеріп отырғанын айтты.

«Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды», – деді Президент.

Оның айтуынша, кез келген реформа терең талданып, мұқият зерттелуі және халықтың тұрмыс жағдайын барынша ескере отырып жүргізілуі қажет.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен оларға қатысты ақпараттық жүйелерді енгізбес бұрын жан-жақты тексеру керектігін жеткізді.

«Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, олардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.

Осы ретте Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау, әсіресе денсаулық сақтау инфрақұрылымын кеңейту мәселесіне тоқталды.

«Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды құрылыс бастамасының алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталдық орталық салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы салынады. Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді.

Президент аталған жобаларды жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар, жеке инвестицияларды да кеңінен тарту қажеттігін айтты.

«Қолға алынған мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобаларын сәтті жүзеге асыру қажет. Мұндай серіктестік түрі әлеуметтік инфрақұрылымға салынатын жеке инвестиция көлемін ұлғайтуға көмектеседі. Ең бастысы, тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді тез қабылдау керек», – деді Мемлекет басшысы.