Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту қажеттігін мәлімдеп, Президент Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 маусымға дейін кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Жолдауында жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін еліміздің саяси жүйесі жаңғырып, мемлекеттік органдардың алдында тұрған міндеттер күрделене түскенін атап өтті.
Осыған байланысты мемлекеттік аппараттың және әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру маңызды міндетке айналған.
«Ең алдымен, Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау қажет. Билік жүйесі цифрландыру дәуірінің талаптарына сай жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекеттік мекемелерді дербес шешім қабылдауға және тиімді бастамалар көтеруге ынталандыру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ жасанды интеллектінің көмегімен мемлекеттік органдардың қайталанатын міндеттерін қысқартып, басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою маңызды екенін жеткізді.
«Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық және біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға, яғни дамуға кедергі келтіретін барлық рәсімді қысқарту керек», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру және жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу мәселесіне де тоқталды.
Оның айтуынша, әрбір мемлекеттік қызметші Конституция талаптарын басшылыққа алып, ел мен халыққа адал қызмет етуге тиіс.
«Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Бұл – құқықтық және қаржылық шаралар қабылдауды талап ететін аса күрделі үдеріс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Әкімшілігіне 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсыну тапсырылды.
Президент мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономиканың талаптарына бейімдеу қажеттігін атап өтті.