Күннің суытуына және автокөлік шиналарын ауыстыру науқанының басталуына байланысты Ішкі істер министрлігі интернет арқылы қысқы дөңгелекті сату кезінде жасалатын алаяқтық туралы ескертеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтар интернет платформаларда, әлеуметтік желіде және мессенджерде қысқы шиналарды қолжетімді бағамен сату туралы хабарландыру жариялайды. Өзін сатушы ретінде таныстырып, тауарды брондау үшін алдын ала төлем жасауды немесе ақшасын толық аударуды ұсынады. Бұл ретте сұраныстың жоғары екенін және шиналардың саны шектеулі екенін алға тартады. Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар байланысқа шықпай, сатып алушыны бұғаттап, хабарландыруын өшіріп тастайды. Соның салдарынан азаматтар тауарсыз қалып, ақшасынан айырылады.
Осындай жағдайдың алдын алу мақсатында мынадай сақтық шараларын ұстану ұсынылады:
- тауарды қолыңызға алмай тұрып, бейтаныс сатушыларға алдын ала төлем жасамаңыз немесе толық соманы аудармаңыз;
- бағасы тым төмен ұсыныстарға сенбеңіз;
- мүмкіндігінше шинаны ресми дүкендерден және сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз;
- төлем жасамас бұрын тауардың бар-жоғын және жай-күйін жеке тексеріңіз;
- күмәнді сілтемеге өтпеңіз, банк деректері мен SMS кодты бөгде адамға бермеңіз.
«Есіңізде болсын: төмен баға мен тез алдын ала төлем жасауды талап ету интернет алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, дереу полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз. Ішкі істер министрлігі азаматтарды интернет арқылы сауда жасау кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырады», - деді ведомство өкілдері.