Бақдаулет Жанділдаев: Жастар саясаты мен цифрлық мүмкіндікті ұштастыру – жаңа буынның ел дамуына атсалысуына серпін береді

Бақдаулет Жанділдаев: Жастар саясаты мен цифрлық мүмкіндікті ұштастыру – жаңа буынның ел дамуына атсалысуына серпін береді
Фото: Бақдаулет Жанділдаевтың жеке мұрағатынан

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің Жастар ісі жөніндегі комиссия төрағасы, «Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Бақдаулет Жанділдаев Мемлекет басшысының Жолдауын еліміздің ішкі саяси тұрақтылығы мен сыртқы сын-қатерлерге қарсы төтеп беру қабілетін арттыруға бағытталған батыл әрі кешенді шешімдердің жиынтығы деп бағалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бақдаулет Жанділдаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы бар Жолдауында еліміздің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындап, ұлттық экономиканы түбегейлі жаңғыртуға және қоғамдық-әлеуметтік саланы дамытуға жаңа қарқын берді.

«Қаз-қалпында қабылданатын бұл маңызды құжат – еліміздің ішкі саяси тұрақтылығы мен сыртқы сын-қатерлерге қарсы төтеп беру қабілетін арттыруға бағытталған батыл әрі кешенді шешімдердің жиынтығы.

Президент өз сөзінде еліміздің негізгі қозғаушы күші – дарынды, озық ойлы және креативті жастар екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы жас ұрпақтың әлеуетін ашу, олардың бастамаларына жол ашу және сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету идеясын тағы бір мәрте басты басымдық ретінде атап өтті. Жастар саясаты мен цифрлық мүмкіндіктерді ұштастыру, жас мамандардың еңбегін лайықты бағалау және кәсіпкерлікке кеңістік беру – жаңа буынның еліміздің дамуына сеніммен атсалысуына зор серпін береді», - деді ол.

Бақдаулет Жанділдаевтың пікірінше, Жолдауда отандық білім мен ғылымды, сондай-ақ жасанды интеллект пен заманауи технологияларды дамытуға баса мән берілуі стратегиялық тұрғыдан өте көрегенді қадам.

«Озық ғылыми мектептерді қалыптастыру, жоғары білім сапасын арттыру және ғылыми зерттеулерді өндіріспен байланыстыру – Қазақстанның глобалды бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Смартфондар мен цифрлық сервистерді тек көңіл көтеру құралы емес, табыс табу мен өзін-өзі дамытудың тиімді тетігіне айналдыру бастамасы жастардың инновациялық экожүйеде еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ең төменгі жалақыны өсіру, инфрақұрылымдық жобалар мен энергетикалық дербестікті қамтамасыз ету, ресурстарды тиімді пайдалану және бизнесті қолдау шешімдері халықтың тұрмыстық жағдайын тікелей жақсартуға бағытталған. Әлеуметтік әділеттілік ұстанымдарының нығаюы мен мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін арттыру – «Әділетті Қазақстан» концепциясының нақты іс жүзінде орындалып жатқандығының айқын дәлелі», - деді ол..