Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик Кәрімбек Құрманәлиев әлеуметтік желідегі пікірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында адами капиталды дамыту мәселесіне жоғары мән берілгеніне тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Бүгінгі Жолдауда адами капиталды дамыту, ғылым мен жаңа технология мәселелері - ел дамуының стратегиялық басым бағытының бірі болып қала беретіндігіне екпін түсірілді. Заманның басты қуаты - білім мен ғылымда, озық инновацияларда екенін тілге тиек еткен Президент жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамитынын айтты», - деді академик.
Оның айтуынша, сапалы ұлт қалыптастырып, бәсекеге қабілетті болу үшін, мемлекетімізге мықты ғалымдар кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады. Ал мұның Жолдауда айырықша айтылуы - әлеуметтік сала мамандарына да зор жауапкершілік жүктелетінін аңғартады.
«Әсіресе, білім мен ғылым – адами капиталды дамытудың күретамыры екені асты сызылып айтылуы да - бекер емес. «Ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын» деген Мемлекет басшысының сеніміне селкеу түсірмей, Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын заман талабына сай тәрбиелеп, жаңа технологияларды мықты меңгерген, сапалы мамандар етіп даярлап, оларды ғылымға тарту жолында аянбай атсалыса берейік, әріптестер!», - деді Кәрімбек Құрманәлиев.