Астана полициясы күзгі демалыс кезінде ата-аналарды балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елорда мектептерінің оқушылары алғашқы оқу кезеңі аяқталған соң күзгі демалысқа шығады. Бұл уақытта балалардың бос уақыты көбейетіндіктен, құқық бұзушылықтар мен түрлі оқиғаның алдын алу маңызды.
Полиция ата-аналарға баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын, үйден шыққан соң қайда баратынын және қашан оралатынын біліп отыруға кеңес береді.
Сондай-ақ балаларға көшеде, қоғамдық орындарда және бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелерін түсіндіру қажет.
Құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандардың қараусыз қалған ғимараттарға, құрылыс нысандарына және басқа да қауіпті орындарға баруына жол бермеуді ескертеді.
Бұдан бөлек, балаларға бөтеннің мүлкін бүлдіру, жанжалға қатысу, ұсақ бұзақылық жасау және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік көзделгенін түсіндірген жөн.
Полиция балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне де назар аударуға шақырады. Ата-аналар олардың әлеуметтік желілердегі белсенділігіне көңіл бөліп, бейтаныс адамдармен онлайн қарым-қатынас жасаудың қаупін түсіндіруі керек. Сондай-ақ күмәнді топтарға қосылу мен қауіпті челлендждерге қатысудың салдарын ескерткен дұрыс.
Мамандардың айтуынша, құқық бұзушылықтардың алдын алу ең алдымен отбасынан басталады. Баламен сенімді қарым-қатынас орнату, оның қызығушылықтарына көңіл бөлу және мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқау ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектеседі.
Полиция ата-аналарды балаларға тек шектеу қоймай, қауіпсіздік ережелерінің маңызын түсіндіруге және олардың демалысын жауапкершілікпен ұйымдастыруға шақырады.
Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманың негізгі бес бағытын жүзеге асыру туралы баяндағаны хабарланған еді.