Жолдаудағы жаңа бастамалар елдің дамуына серпін береді – Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі

Жолдаудағы жаңа бастамалар елдің дамуына серпін береді – Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі
Фото: Найла Мұхтарованың жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген бастамалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікті нығайтуға бағытталған. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры айтуынша, Президент Жолдауында елдің болашағына қатысты стратегиялық міндеттер айқындалып, қазіргі күрделі халықаралық жағдайда татулық пен келісімді сақтаудың маңызы ерекше аталып өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жобалар туралы атап өтті. Әсіресе, Мемлекет басшысы қазіргі бұлыңғыр дәуірге қадам басқан әлемде еліміз үшін татулық пен бірлік, келісім, талап пен тәртіп және егемендікті нығайтудың маңыздылығы туралы терең толғанды», – деді Найла Мұхтарова.

Оның сөзінше, Жолдаудағы негізгі басымдықтардың бірі – келешек ұрпаққа экономикасы қуатты, инфрақұрылымы дамыған және ғылым мен білімге негізделген мемлекет қалдыру. Бұл ретте ауқымды құрылыс бастамаларының маңызы зор.

«Жолдауда айтылған басты мақсаттардың бірі – жас ұрпаққа экономикасы қуатты, жаңа технологиясы дамыған, заманауи инфрақұрылымы бар, білім мен ғылымға негізделген Қазақстанды қалдыру. Бұл – стратегиялық міндет. Сонымен қатар ел Президенті Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуына тиіс екенін атап өтіп, «Халықтық құрылыс» атты жаңа бағдарламаны таныстырды. Аталған тың жоба еліміздің дамуына бағытталған, ұлттық экономиканы жаңғыртатын төл тарихтағы үлкен жоба болмақ.

Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының лайықты өмір сүруі үшін жағдай жасау әрі қарай жалғасын табады. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауызсу тартылатыны қуантарлық жайт. Президент ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырды. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау қажеттілігіне назар аударылды», – деп атап өтті Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі.

Найла Мұхтарованың пікірінше, өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту жастар мен жас мамандардың ауылдық жерлерде тұрақтап, еңбек етуіне де ықпал етуі мүмкін.

«Жастардың көбі сапалы білім алу, өзін-өзі дамыту, мансап құру мақсатында үлкен қалаларға қоныс аударатыны жасырын емес. Ал бұл шаралар жастар мен жас мамандардың ауылдық аймақтарда тұрақтап қалуына, елді мекендердің дамуына үлес қосып, еңбек етуі үшін мүмкіндік береді», – деді ол.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Президент Жолдауындағы денсаулық сақтау саласын дамыту, экономиканы жаңғырту және мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелеріне де тоқталды.

«Бұдан бөлек, Қазақстанда маңызды металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесі құрылады, жаңа Азаматтық кодекс әзірленеді. Президент елімізде халық саны қарқынды түрде өсіп келе жатқанын айтып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамытудың маңыздылығына тоқталды. Еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салу жоспарлануда», – деді Найла Мұхтарова.

Оның айтуынша, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмекті мұқтаж азаматтарға бағыттау және жасанды интеллектіні меңгеру де елдің алдағы дамуында маңызды орын алады.

«Сондай-ақ Жолдауда халықтың табысын ұлғайту басты міндеттердің бірі екені ерекше аталды. Мемлекет басшысы мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға берілуі тиіс екенін атап өтті. Жасанды инттелектіні терең меңгерудің маңыздылығы да назардан тыс қалмады. Жалпы, биылғы Жолдау еліміздің әл-ауқатын арттырып, мемлекетіміздің жаңа бағытқа бет алуына жол ашады деген сенімдеміз. Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек екеніне тоқталды. Әлбетте, адалдықтың ақ туын желбіреткен қоғамда бейбітшілік пен құт-береке мекендейтіні сөзсіз», – деп түйіндеді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі.