Президент Жолдауы: депутат инвестициялық саясаттағы маңызды мәселелерді атады

Президент Жолдауы: депутат инвестициялық саясаттағы маңызды мәселелерді атады
Фото: Бекжан Айтқұловтың жеке мұрағатынан

Қазақстанға тартылатын инвестиция нақты өндірістерді дамытуға, жаңа мүмкіндіктер ашуға және ел экономикасының әлеуетін арттыруға бағытталуы тиіс. Бұл туралы Құрылтай депутаты, Respublica партиясының өкілі Бекжан Айтқұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікірінде айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың пікірінше, инвестициялық саясаттың тиімділігі тартылған қаржы көлемімен ғана емес, оның экономикалық нәтижесімен де бағалануы қажет. Сондықтан жаңа өндірістерді іске қосу кезінде нарықтағы сұраныс пен өнімді өткізу мүмкіндіктерін алдын ала зерделеу маңызды.

«Инвестиция ел экономикасын күшейтуі керек. Ол үшін бізге қандай өндірістер қажет екенін, олардың өнімін қай нарыққа шығаратынын және мемлекеттік қолдаудың қандай нәтиже беретінін нақты түсіну маңызды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан инвестиция тартудың біртұтас жүйесін қалыптастыру және мемлекеттік органдардың қайталанатын өкілеттіктерін реттеу жөніндегі ұстанымын толық қолдаймын», – деді Бекжан Айтқұлов.

Оның айтуынша, ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру технологиялық және инфрақұрылымдық дайындықпен қатар, өнімді өткізу нарығын нақты айқындауды талап етеді. Депутат бұл мәселеге өндіріс саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып тоқталды.

«Қара және түсті металлургия өндірісінен шыққан, үш ірі өнеркәсіптік жобаны іске қосуға қатысқан маман ретінде білемін: әр кәсіпорынның артында күрделі есеп, инфрақұрылым, технология, білікті кадрлар және үлкен жауапкершілік тұр. Зауытты салмай тұрып, оның өнімін кімге, қайда сататынымызды анықтауымыз керек.

Сондықтан мемлекеттік қолдау көрсеткенде қолданыстағы өндіріс қуаттары мен нарықтағы нақты сұраныс міндетті түрде ескерілуі тиіс», – деп атап өтті депутат.

Бекжан Айтқұлов мемлекеттік қолдау есебінен бірдей өнім шығаратын кәсіпорындардың көбеюі белгілі бір тәуекелдерге әкелуі мүмкін екенін ескертті. Әсіресе, ішкі нарықтағы сұраныс шектеулі жағдайда мұндай жобалардың экономикалық тиімділігін мұқият бағалау қажет.

«Бәсеке даму үшін қажет. Бірақ ішкі нарықта сұраныс шектеулі кезде мемлекет қолдауымен бір-бірінің өнімін қайталайтын өндірістер ашу – тәуекел. Салдарынан жұмыс істеп тұрған кәсіпорын да, жаңа жоба да әлсіреуі мүмкін. Олар шектеулі нарықты, шикізат пен мамандарды өзара бөлісіп, салынған қаражат күткен нәтиже бермейді», – деді ол.

Депутаттың сөзінше, инвестициялық саясаттың негізгі мақсаты қолданыстағы өндірістерді әлсірету емес, экономиканың жаңа бағыттарын дамыту болуы тиіс. Бұл ретте импортқа тәуелділікті азайту, шикізатты терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру маңызды.

«Мемлекеттік қолдау жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталуы керек: импортқа тәуелділікті азайтуға, шикізатты терең өңдеуге, кәсіпорындар арасындағы кооперацияны дамытуға және экспортқа шығуға.

Біртұтас инвестициялық саясат салаларды жан-жақты талдауға және нәтиже үшін нақты жауапкершілікке сүйенуі қажет. Кәсіпорынның болашақ жүктемесін, жұмыс орындарының тұрақтылығын, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін алдын ала бағалау маңызды», – деді Бекжан Айтқұлов.

Сөз соңында депутат мемлекеттік қолдаудың түпкі нәтижесі қуатты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың қалыптасуымен өлшенуі қажеттігін жеткізді.

«Депутат әрі Respublica партиясының өкілі ретінде осы ұстанымды жауапты өнеркәсіптік саясаттың негізі деп санаймын. Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге қуатты өндірістер құруға және Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға көмектесуі тиіс», – деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында инвестиция тартуды бір орталықтан басқаруды ұсынған еді.