Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет - Президент

Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет - Президент
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кез келген реформаны іске асыру үшін ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс деген тұжырым жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек.
 
«Әрекет түбі – берекет» деген халқымыз. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды. Ал отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заңға құрметпен қарайтын адам әрқашанда табысты болады.
 
Мен Қазақстан әрбір азаматтың дамуына жол ашатын, жалпыға бірдей мүмкіндік беретін, бірлігі бекем, Әділетті әрі Өркениетті мемлекет болуын тілеймін. Аталған мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімді салып келемін және алдағы уақытта да солай болады.
 
Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды. Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады. Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын», - деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгін мен елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістерге кеңінен тоқталғанын атап өтіп, жарқын болашағымызды айқындайтын маңызды бастамалар жөнінде айтқанын жеткізді. 

«Алдымызда тұрған тарихи міндеттерді табысты жүзеге асыруымыз керек. Біз әр азаматтың дамуына, барша жұрттың өркендеуіне жол ашатын берекелі қоғам, Әділетті Қазақстанды міндетті түрде құрамыз.
 
Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!
 
Отанымыз – Қазақ елі мәңгі жасасын!», - деп сөзін аяқтады Президент.