Мемлекет басшысы: Макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн

Мемлекет басшысы: Макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың табысын ұлғайтып, инфляциямен жүйелі түрде күресу қажеттігіне тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұдан бөлек, макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн.

Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады.

Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады.

Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет.

Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдеді. Дегенмен  инфляция деңгейі әлі де жоғары.

Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл – аса маңызды міндет.

Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі керек. Сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет», - деді Президент.

Мемлекет басшысы жинақталған қаржы реурстарын экономиканық нақты секторларын дамытуға пайлану керектігін айтты.

«Қаржы нарығын реттеуші мекемелер де өз міндеттерін сапалы әрі тиімді орындауға тиіс.

Бүгінде Қазақстанның қаржы жүйесі айтарлықтай орнықты деңгейде. Оған дәлел: еліміздегі банктердің активі 75 триллион теңгеден асты.

Депозиттердің көлемі рекордтық көрсеткішке, нақты айтқанда, 52 триллион теңгеге жетті.

Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған. Бұл ұлттық теңгенің құндылығы арта түскенін көрсетеді.

Ендігі маңызды міндет – жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға пайдалану.

Осыған орай, Ұлттық банкке баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, экономиканы дамытуға жол ашатын бастамаларды жүзеге асыруға да атсалысатын кез келді», - деді ол.

Президент мемлекет қаражатын тиімді басқаруға және бюджет саясатын реттеу мәселесіне де тоқталды.

«Макроэкономикалық тұрақтылықты ұзақ мерзімге қамтамасыз етудің тағы бір жолы – бюджет саясатын реттеу.

Былтыр қабылданған Бюджет кодексі мемлекет қаражатын тиімді басқаруға және қаржылық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік берді.

Дегенмен шығындардың жыл санап көбейіп бара жатқанын ескерген жөн. Сол себепті, қазына қаржысын жоспарлау және басқару сапасын одан әрі арттыру қажет.

Орынсыз, тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндігін пайдаланған дұрыс.

Сондай-ақ мемлекеттік қазына жүйесін толыққанды цифрландыру жұмысын аяқтау керек. Бюджет қаражатын басқарудың ортақ әдіс-тәсілдерге негізделген, автоматтандырылған жүйесін құру қажет.

Үкімет пен Ұлттық Банктен нақты ұсыныстар күтемін», - деді Мемлекет басшысы.