Президент фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыруды тапсырды

Президент фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыруды тапсырды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Жолдауында ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін шаруаларға ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік беретін қаржыландыру жүйесі қажет екенін атап өтті.

«Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті. Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды», – деді Мемлекет басшысы.

Алайда Президент бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналым қаражатын толықтыруға жұмсалып отырғанына назар аударды.

«Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент тағам өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесіне тоқталды.

«Бәйтерек» холдингі бұл салада жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалардың тізімін әзірлеген. Мемлекет басшысы оларды іске асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген қаржыландыру мәселесін жедел шешу қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға ерекше мән берді.

«Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет. Бұл – өзекті мәселе. Осылайша, біз ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра түсеміз», – деді Президент.