Мұндай күрделі ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған – Президент

Мұндай күрделі ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған – Президент
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделене түскеніне назар аударып, қазіргі жағдайды «қырғи-қабақ соғыс» кезеңімен салыстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, бүгінде халықаралық қатынастарда сенім дағдарысы күшейіп, әлем елдері арасындағы қайшылықтар тереңдей түскен.

«Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бақылаусыз көші-қон ағындарының көбеюі бірқатар еуропалық елдің қауіпсіздігіне кері әсер еткенін де атап өтті.

Сондай-ақ Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп, халықаралық құқықтың құндылығы төмендегеніне тоқталды.

«Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ. Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді», – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін қорғау бағытында әлі де шешімін күткен міндеттер бар екенін айтты.

«Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы алдағы міндеттерді орындау үшін қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау аса маңызды екенін атап өтті.

«Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаһандық сын-қатерлер күшейген қазіргі кезеңде қоғамда талап пен тәртіпке басымдық беру қажеттігін де жеткізді.