Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтірудегі жетістіктері халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Еліміздің табиғатты қорғау тәжірибесі басқа мемлекеттерге үлгі ретінде ұсынылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Армения астанасы Ереванда өтіп жатқан COP17 конференциясы аясында белгілі болды.
Конференция барысында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев Қоныс аударатын жабайы жануарлар түрлерін сақтау жөніндегі конвенцияның (CMS) атқарушы хатшысы Энди Рейнмен кездесті.
Кездесуде тараптар қоныс аударатын жануарларды қорғау, Орталық Азия сүтқоректілерін сақтау бастамасы (CAMI) және Құнмин биоалуантүрлілік қоры қолдайтын жаңа жобаны талқылады.
Энди Рейн Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтіру бағытындағы жетістіктерін жоғары бағалап, бұл тәжірибенің өзге елдерге үлгі ретінде ұсынылып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар конвенция хатшылығы Қазақстандағы табиғатты қорғау жобаларына техникалық және қаржылық қолдау тартуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Бұған дейін Ханзада Уильям Қазақстандағы киіктерді сақтап қалу жетістігі туралы айтқанын жазған едік.



