Елімізде өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты

Елімізде өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты
Фото: pexels.com

2026 жылғы қаңтар-қыркүйекте еліміздегі өнеркәсіп өндірісінің индексі 102,9% болды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 51 935 млрд теңгеге жетті. 2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте бұл көрсеткіш - 44 840,7 млрд теңге, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалды, мұнда өндіріс көлемі 8,6%-ға артты. Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау 12,4%-ды, сумен жабдықтау, суды бұру және қалдықтарды басқару саласында 9,2% болды.

Өңдеу өнеркәсібінде машина мен жабдықтан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру 34,8%-ға, негізгі фармацевтикалық өнімдер мен фармацевтикалық препараттар өндірісі 30,9%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру 23,4%-ға өсті. Машина жасау өнімдерінің өндірісі 22,8%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 18,1%-ға, тамақ өнімдерін өндіру 13,8%-ға, өзге де бейметалл минералдық өнімдер өндіру 5,9%-ға артты.

Өнеркәсіп өндірісінің өсуі еліміздің 16 өңірінде тіркелді. Ең жоғары өсім Алматы, Жамбыл, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалды.