«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында Креативті индустрияларды дамыту қоры әдебиетті кеңінен насихаттайтын жаңа жобаларды іске асыруға кірісті. Олардың қатарында кітап клубтары, қаламгерлермен кездесулер, зияткерлік ойындар, анимациялық туындылар мен шығармашылық байқаулар бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бастамалар Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыруға бағытталған. Қор оқырмандарды біріктіріп, отандық әдебиетті таныту үшін креативті индустриялардың мүмкіндіктерін пайдалануды көздейді.
Республикалық марафон еліміздің барлық 20 өңірін қамтиды. Қатысушыларға қазақ және әлем әдебиетінің 345 шығармасы ұсынылған. Жобаға 1,4 миллионнан астам адам тіркелген.
Кітап клубтары мен қаламгерлер кездесуі
KITAP CLUB аясында еліміздің 20 өңірінде оқырман клубтарын ұйымдастыру жоспарланған. Мұнда қатысушылар оқыған шығармаларын талқылап, әдеби кейіпкерлер мен авторлардың идеялары жөнінде пікір алмасады.
«Автормен кездесу» жобасы белгілі қаламгерлермен жүздесуге арналған. Алғашқы кездесу Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында жазушы, драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқановамен өтті. Басқосуда оның шығармашылық жолы мен «Мәңгілік бала бейне» туындысы талқыланды.
KITAP QUIZ студенттерге арналған әдеби зияткерлік ойындарды қамтиды. Қатысушылар шығармалардың мазмұны, кейіпкерлері мен авторлары жөніндегі білімдерін командалық сайыстарда сынайды.
Әдебиетке жаңа көзқарас: бейнеролик, комикс және анимация
KITAP TALKS жобасы бойынша әдеби шығармалар туралы бір минуттық бейнероликтер әзірлеу жоспарланған. Онда кітаптардың мазмұны мен оқырман қызығушылығын тудыратын ерекшеліктері таныстырылады.
«Кітаптан креативке» бастамасы әдеби туындылардың желісімен комикстер, анимациялар мен кітап трейлерлерін жасауға арналған. Бұл жұмысқа суретшілерді, аниматорларды, дизайнерлерді және басқа да шығармашылық кәсіп иелерін тарту көзделген.
«Кітаптың жалғасы бар» жобасында шығарманың қызықты тұсы қысқа бейнеролик арқылы көрсетіледі. Оқиғаның жалғасын білу үшін көрерменге кітапты оқу ұсынылады.
20 өңірден 200 кітап елшісі
Оқуға қызығушылықты арттыру үшін еліміздің әр өңірінен 200 кітап елшісін тарту жоспарланған. Өнер адамдары, креаторлар мен белсенді оқырмандар сүйікті шығармаларын ұсынып, кітап туралы әсерлерімен бөліседі.
«20 өңір – 20 оқырман» бастамасы әр аймақтағы тұрғындардың кітапқа қатысты жеке оқиғаларын таныстырады. Қатысушылар оқыған шығармаларының өміріне әсері мен әдебиетке деген қызығушылығы туралы баяндайды.
«Марафонның кітап гиді» жобасы бойынша апта сайын жеті шығармадан тұратын топтама жарияланады. Әр кітаптың қысқаша мазмұны мен ерекшелігі беріліп, оқырманға келесі туындысын таңдауға көмектеседі.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру
Қордың жаңа жобалары оқырмандардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға, қаламгерлермен байланысты нығайтуға және шығармаларды заманауи тәсілдермен танытуға арналған. Кітап клубтары мен кездесулер, бейнематериалдар мен шығармашылық жұмыстар марафонға қатысушылардың әдебиетпен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.