Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ұлттық даму күн тәртібінде – жастар» атты сарапшылық кездесу өтті. Жиында жастар Президент Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру және елдегі қоғамдық өзгерістерге белсенді қатысу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге депутаттар, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, республикалық жастар бірлестіктерінің жетекшілері, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының мүшелері және жоғары оқу орнының студенттері қатысты.

Қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген бастамаларға тоқталды.
Атап айтқанда, елдегі ауқымды құрылыс жобаларын жүзеге асыру, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, өңірлер мен ауыл шаруашылығын қолдау, сондай-ақ цифрлық экономиканы қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Пікірталас барысында жастар ел дамуының басым бағыттары бойынша жүзеге асырылатын жұмыстарға қатысу мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік органдармен және кәсіпкерлік құрылымдармен өзара байланысты нығайту мәселелері талқыланды.
Кездесуді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, басқосу жастардың мемлекеттік органдармен, депутаттармен және бизнес өкілдерімен пікір алмасуына, сондай-ақ Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға қатысты ұсыныстарды талқылауына бағытталған.
Бұған дейін Астанада газ саласына қатысты міндеттерді іске асыру мәселелері талқыланғаны хабарланған еді.

