Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде түркі халықтарының тарихи және мәдени мұрасын сақтау, ортақ ғылыми зерттеулер жүргізу және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі дамыту түркі елдері арасындағы әріптестіктің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан түркі халықтарының тарихи мұрасын зерделеуге, сақтауға және дәріптеуге ерекше көңіл бөліп келеді. Осы мақсатта Түркі өркениеті орталығы мен дала өркениетін танытуға арналған «Мәңгілік ел» орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазақстан түркі халықтарының тарихи мұрасын зерделеу, сақтау және дәріптеу ісіне айрықша көңіл бөледі. Мен биыл Түркістанда өткен басқосуда Түркі өркениеті орталығын және дала өркениетін дәріптеуге арналған «Мәңгілік ел» орталығын құруды ұсындым. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда, Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны тездетіп қабылдаған жөн деп санаймыз. Сонымен қатар елімізде «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық ауқымды еңбек әзірленіп жатыр. Осы жұмысқа белсене қатысқан түркі елдерінің ғалымдарына шынайы алғыс білдіреміз. Академиялық еңбек тарихи оқиғаларға ғылыми тұрғыдан кең ауқымда, шынайы және әділ көзқараспен қарауға көмектеседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты құрылымдардың ортақ тарихи және мәдени мұраны зерттеу бағытында атқарып жатқан жұмыстарына да тоқталды.
Атап айтқанда, Түркі академиясының бастамасымен «Түркі әлемінің киелі географиясы» үш томдығы, «Көне түркі жазбаларының» бес томдық каталогі және «Қазіргі түркі тілдері сөздігінің» 25 томдығы жарық көрген.
Сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қоры түркі халықтарының тарихы, әдебиеті мен мәдениетін таныстыруға арналған «Turkic Heritage» халықаралық цифрлық платформасын әзірлеген.
Президент бұл еңбектерді түркі елдері ғалымдарының ортақ жетістігі ретінде бағалады.
«Түркі академиясының бастамасымен ортақ тарихи және мәдени ескерткіштерге арналған бірқатар еңбектер жарық көрді. Атап айтқанда, «Түркі әлемінің киелі географиясы» үш томдығы, «Көне түркі жазбаларының» бес томдық каталогі дайындалды. Сондай-ақ «Қазіргі түркі тілдері сөздігінің» 25 томдығы басылып шықты. Бұл еңбектер – түркі ғалымдары жұмысының үлкен нәтижесі. Сонымен қатар Түркі мәдениеті және мұрасы қоры «Turkic Heritage» халықаралық цифрлық платформасын дайындады. Бұл бірегей цифрлық өнім түркі халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетін танып-білуге мүмкіндік береді. Түркі әлемінің тарихында Алтайдың алатын орны ерекше. Биыл Қазақстанда «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі жоғары деңгейде өтті. ИСЕСКО ұйымының шешімімен киелі Түркістан шаһары келесі жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Біз осы бастама аясында түркі өркениетінің рухани үндестігі мен сабақтастығын сақтауға ықпал ететін ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, әдебиет пен тіл мәселесіне арналған Қожа Ахмет Ясауи халықаралық форумын, сондай-ақ Түркі және ислам әлемі мұражай ісі мамандарының жиынын өткіземіз. Ғалымдарымызды осы іс-шараларға белсене атсалысуға шақырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша, 2027 жылы Түркістанның Ислам әлемінің мәдени астанасы атануы аясында бірқатар халықаралық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи халықаралық форумы мен Түркі және ислам әлемі мұражай ісі мамандарының басқосуы бар.
Аталған бастамалар түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде кеңінен таныстыруға бағытталған.