Қазақстанда шетелге жұмысқа жіберетін агенттіктерге талап күшейтіледі

Қазақстанда шетелге жұмысқа жіберетін агенттіктерге талап күшейтіледі
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстанда азаматтарды шетелде жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке агенттіктердің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту жоспарланып отыр. Қазір осы бағыттағы заңнамалық өзгерістер әзірленіп, талқыланып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, ұсынылып отырған өзгерістер шетелде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтардың құқықтарын қорғауға, делдалдардың жауапкершілігін арттыруға және жалған жұмыс ұсыныстарының алдын алуға бағытталған.

Министрлік мұндай шаралардың қажеттілігін азаматтардың сенімсіз делдалдардың әрекетінен зардап шегу жағдайларымен түсіндіреді.

Кейбір агенттік шетелде жоғары жалақы мен қолайлы еңбек жағдайын уәде етіп, қызметі үшін қомақты ақша алады. Алайда азамат барған елінде жұмыс шарттарының бастапқы келісімге сәйкес келмейтінін біледі. Кейде жұмыс істеуге қажетті құжаттар дұрыс рәсімделмегендіктен, заңды түрде еңбек ету мүмкін болмайды.

Осыған байланысты жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің мемлекеттік цифрлық тізілімін құру ұсынылып отыр. Бұл шетелге жұмысқа орналастыру қызметін көрсететін ұйымдарды жүйелі түрде есепке алып, олардың қызметінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар агенттіктерге азаматты шетелге жібермес бұрын жұмыс беруші, бос жұмыс орны және еңбек жағдайлары туралы ақпараттың дұрыстығын тексеру міндетін жүктеу көзделген.

Жаңа талаптар қабылданған жағдайда азаматтарға шетелге шыққанға дейін жалақы мөлшері мен оны төлеу тәртібі, жұмыс орны, тұратын жері және еңбек шартының басқа да маңызды талаптары туралы толық ақпарат берілуі тиіс.

Тағы бір ұсыныс – шетелге жұмысқа баратын азаматтарға қаржылық кепілдік енгізу.

Атап айтқанда, Қазақстандағы екінші деңгейлі банкте жұмысқа орналасатын азаматтың атына кепілдік жарнасын орналастыру тетігі қарастырылып жатыр.

Бұл қаражат азаматтың шетелде қалуына кедергі келтіретін күтпеген жағдайлар туындап, оны елге қайтару қажеттілігі пайда болған кезде пайдаланылуы мүмкін.

Министрлік аталған өзгерістердің әзірге әзірлеу және талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Яғни ұсынылып отырған талаптар әлі заңды күшіне енген жоқ.

Шетелге жұмысқа барарда нені ескеру қажет?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелде жұмыс істеуді жоспарлаған азаматтарға делдал ұйым мен жұмыс беруші туралы ақпаратты алдын ала мұқият тексеруге кеңес береді.

Әсіресе, ұсынылған жұмыстың шарттарына, жазбаша еңбек келісімшартының болуына, жалақы мөлшері мен оны төлеу тәртібіне назар аудару маңызды.

Сондай-ақ баратын елде заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін рұқсат құжаттарының бар-жоғын анықтау қажет.

Ведомство жұмысқа орналастыру үшін алдын ала қомақты ақша талап ететін делдалдардан сақ болуға шақырады.

Бұдан бөлек, туристік визамен шетелге барып, кейін жұмысқа орналасуды ұсынатын агенттіктердің қызметіне де сақтықпен қараған жөн. Өйткені мұндай тәсіл барған мемлекеттің көші-қон және еңбек заңнамасына қайшы келуі мүмкін.

Бұған дейін министрлік шетелден жұмыс іздеу кезінде интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырған еді.