Жамбыл облысында 400-ге жуық мал ұрлаған күдіктілер ұсталды

Жамбыл облысында 400-ге жуық мал ұрлаған күдіктілер ұсталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жамбыл облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері бірнеше мал ұрлығы дерегіне қатысы бар деген күдікпен төрт адамды ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицияның мәлімдеуінше, олардың шілде-қазан айы аралығында Байзақ ауданының аумағындағы төрт мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Сол уақытта қорадан және жайылымдардан жалпы 384 бас ұсақ мал қолды болған. Жалпы материалдық шығын 34 млн теңге шамасында.

Тергеу барысында полицейлер заттай айғақ жинап, куәгерлер мен күдіктілерден жауап алды.

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты бірнеше рет аса ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Полиция қазір, олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. 

Еске сала кетсек, биылғы жылдың бес айында мал ұрлаумен айналысқан 58 топ ұсталды.