Президент «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматының маңызын атап өтті

Президент «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматының маңызын атап өтті
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде Ресейді ұйым жұмысына бақылаушы ретінде қатысуға немесе «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматына қосылуға шақыруды ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастықты нығайту және ұйымның беделін арттыру жолында «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын тиімді пайдаланудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, Мемлекет басшысы Ресеймен тарихи және мәдени байланыстарды ескере отырып, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастықты кеңейтудің екі ықтимал жолын ұсынды. Оның бірі – «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматы, екіншісі – ұйым жұмысына бақылаушы мәртебесінде қатысу.