Қазақстанда энергетика кәсіпорындары қызметкерлерінің штат санына қатысты нормативтер жаңартылады. Осы мақсатта Астанадағы жылу электр орталықтары мен еліміздің бірқатар өңіріндегі энергетикалық нысандарда арнайы зерттеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмысқа Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы, Энергетика, Ұлттық экономика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері қатысуда. Зерттеуді Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүргізіп жатыр.
Негізгі мақсат – өндірістік үдерістер мен жабдықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, энергетика кәсіпорындарына нақты қанша қызметкер қажет екенін анықтау.
Атап айтқанда, мамандар жабдықтарға қызмет көрсетуге, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қажетті кадр санын есептейді.
Зерттеу үшін Астана, Ақмола және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Екібастұз қаласындағы энергетикалық нысандар таңдалған.
20 қазаннан бастап институт мамандары «Астана-Энергия» АҚ-ның екінші жылу электр орталығында хронометраждық бақылау жүргізуде.
Олар өндірістік операцияларға жұмсалатын уақытты өлшеп, қызметкерлердің міндеттерін зерделейді. Сонымен қатар жұмыс уақытының пайдаланылуын бақылап, мамандармен сұхбаттасады.
Зерттеу басқару пульттеріндегі және жабдықтардың жанындағы жұмыс үдерістерін қамтиды. Жиналған мәліметтер әр қызметкердің нақты жүктемесін бағалап, кәсіпорынға қажетті штат санын негіздеуге мүмкіндік береді.
Жаңа нормативтерді әзірлеу кезінде кәсіпорынның көлемі, жабдықтардың түрі, қолданылатын отын, автоматтандыру деңгейі, электр және жылу желілерінің ұзындығы мен тығыздығы ескеріледі.
Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов энергетикалық инфрақұрылымды дамыту білікті мамандарға деген сұранысты арттыратынын атап өтті.
«Президент Жолдауында инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды міндеттер қойды. 2027 жыл Құрылыс жылы деп жарияланды, демек, білікті мамандарға деген қажеттілік арта түседі. Бұл энергетика үшін өзекті: жаңа электр станциялары мен желілерді салу, қолданыстағыларын жаңғырту алда тұр. Нысандарды пайдалануға беріп қана қоймай, олардың әрі қарай сенімді қызмет етуін қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан салаға қанша маман қажет болатынын бүгіннен бастап білуіміз керек. Үлгілік нормативтерді әзірлеу осы қажеттілікті объективті деректер негізінде бағалауға және энергетикалық кәсіпорындарды кадрмен қамтамасыз етуді жоспарлауға мүмкіндік береді», – деді Талғат Темірханов.
Зерттеу жүргізілетін пилоттық нысандар қатарында «Астана-Энергия» АҚ-ның №1 және №2 жылу электр орталықтары мен аудандық қазандықтары, Қарағандыдағы №1 және №3 ЖЭО, Степногор ЖЭО-сы және Екібастұз МАЭС-1 бар.
Сондай-ақ зерттеуге «Астана-РЭК» АҚ, «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ және «Қарағанды Жарық» ЖШС қатысуда.
Зерттеудің далалық кезеңі 2026 жылғы желтоқсанның басына дейін жалғасады. Ал штат санының жаңартылған нормативтерін әзірлеу жұмысын 2027 жылғы ақпанда аяқтау жоспарланған.
Жаңартылған талаптар энергетика кәсіпорындарына қажетті қызметкерлер санын дәлірек жоспарлауға, жабдықтарға сапалы қызмет көрсетуге және энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін қатты аязда Астанадағы 2-ЖЭО-да тәулігіне қанша көмір жағылатынын жазған едік.