Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясын енгізуді ынталандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәлімдеуінше, бұл шара шаруалардың жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелеріне айтарлықтай қаржы шығынынсыз көшуіне мүмкіндік беруге, сондай-ақ су үнемдеу технологиясын енгізуге ниетті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту аясын кеңейтуге бағытталған.
Бұған дейін министрлік шаруалардың су үнемдеу жүйесін сатып алу және орнату шығынын өтеу мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды. Мұндай технологияларды қолданған кезде суармалы судың субсидиясы 85%-ға дейін ұлғайтылды.
Осы жұмыс нәтижесінде елімізде су үнемдеу технологиясы қолданылатын аумақ 702,3 мың гектарға жетті. Бұл шамамен 1,1 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар заманауи суару жүйесін енгізу қарқыны да жеделдеді. 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына орта есеппен 30 мың гектарды құраса, 2024-2026 жылдары жылына 150 мың гектардан асты.
Бұдан бөлек, суармалы суды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, лазерлік тегістегіш субсидияланатын су үнемдеу технологиясының тізіміне қосылды.
«Қазақстан халқына Жолдауында Президент ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Өйткені тұтынылатын су ресурстарының 60%-ына дейінгі бөлігі осы салаға тиесілі. Министрлігіміз жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар осы міндетті орындауға бағытталған. 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы аумақты 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске сала кетсек, Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдерін және агрохимиялық технологияларды қолданудың аса маңызды екенін мәлім еткен еді.