2026 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша Қазақстанда 24,3 млн тонна астық жиналды. Бұл — соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы уақыт аралығында мұндай нәтижеден жоғары көрсеткіш тек екі рет тіркелген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, биыл жиналған астықтың көлемі ғана емес, сапасы да жақсы. Элеваторларға тапсырылған жұмсақ бидайдың шамамен 72%-ы үшінші сыныпқа жатады. Зерттелген бидай үлгілерінің 48%-ында дән маңызының мөлшері 28%-дан жоғары. Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90%-ға, ал ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетті.
Астық сапасының жоғары болуы оны азық-түлік өндіруге кеңінен пайдалануға, өңдеу кәсіпорындарын дамытуға және қазақстандық өнімнің шетелдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан астық экспортында да жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Соңғы екі маркетингтік жылда еліміз 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұн экспорттады. Бұл — тәуелсіздік жылдарындағы рекорд көрсеткіштер. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектен 19 қазанға дейін Қазақстан 1,657 млн тонна астық экспорттаған. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 9%-ға көп.
Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін мемлекет аграршыларды қолдау және саланы жаңғырту жұмыстарын жалғастырып келеді. Атап айтқанда, шаруаларға жеңілдетілген несие беру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды жеткізу, заманауи технологияларды енгізу жұмыстарына басымдық берілуде. Сонымен қатар жер мен суды тиімді пайдалану және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелеріне көңіл бөлінуде.
Биыл егін жинау жұмыстарына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың орғыш және басқа да 130 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды.
Еске сала кетсек, Мемлекеттік астық қоры 135 мың тонна өніммен толықты.