Астанада ғимараттардың қабырғасын, қоршауына және қалалық инфрақұрылымның басқа да нысандарына салынған граффитилерді, жазулар мен суреттерді анықтау және жою тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қаланың полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері мұндай жазуларды, соның ішінде тыйым салынған заттардың жарнамасын анықтап, оларды жазуға қатысы бар тұлғаларды анықтауға кіріседі. Тиісті қызметтермен бірлесіп, жазуды өшіріп, бүлінген нысандарды қалпына келтіру қолға алынады.
«Мұндай жазулар қаланың көркін бұзып қана қоймай, тыйым салынған заттардың жарнамасын тарату үшін де пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан полиция бұл бағыттағы жұмысты тұрақты түрде жүргізіп, құқық бұзушылықты анықтауға және олардың алдын алуға басымдық береді», делінген хабарламада.
Полиция ғимараттар мен өзге де нысандарға меншік иесінің келісімінсіз жазу немесе сурет салу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.
Еске сала кетсек, Президент Астана әкіміне граффити салатындарға қатаң шара қолдануды тапсырды. Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек вандализм жағдайларына байланысты үндеу жасады.