Петропавлда мас күйде электрвелосипед жүргізген тұрғын 20 тәулікке қамалды

Петропавлда мас күйде электрвелосипед жүргізген тұрғын 20 тәулікке қамалды
Фото: polisia.kz

Петропавлда полицейлер шілде айында мас күйде электрвелосипед басқарған ер адамды анықтап, сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға кезінде 40 жастағы қала тұрғыны Қизатов көшесінде көлік астына түсе жаздаған. Ол электрвелосипедті мас күйде басқарып келе жатып, дөңгелегі босап, түсіп қалуға шақ қалған соң, жол шетіне бұрылған.

Бұл әрекеттің барлығын артта келе жатқан патрульдік полиция көлігінің бейнетіркегіші түсіріп алған. Полицейлер ер адамды медициналық куәландыруға жеткізді. Тексеру оның мас күйде болғанын көрсетті. Сондай-ақ ер адамның көлік басқару құқығы жоқ екені анықталды.

Электрвелосипед тәркіленіп, ер адамға Петропавл қаласының полиция басқармасына келу қажеттігі туралы хабарланды. Алайда ол белгіленген уақытта келмеген. Содан бері қала аумағында түрлі мекенжайда тұрып жүрген.

Соған қарамастан, полицейлер оның жүрген жерін анықтап, қалалық полиция басқармасына жеткізді. Сот отырысы қашықтан өткізіліп, құқық бұзушыға 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.  

Еске сала кетсек, Астанада мас күйде көлік тізгіндеген ер адам 30 тәулікке қамалды.