Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы міндеттер әр баланың сапалы білім алып, қажетті қолдауға қол жеткізуіне жағдай жасауды көздейді. Осы мәселеге қатысты Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депутат Президенттің ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, маман тапшылығын азайту және ерте диагностиканы жүйелі жолға қою жөніндегі тапсырмаларына тоқталды.
«Бүгінгі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы 237 мыңнан астам баланы инклюзивті біліммен қамту қажеттігін атап өтіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санының артып келе жатқанын айтты.
Президент Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, қажетті инфрақұрылымды дамытуды, ірі құрылыс жобаларында инклюзивті орта қалыптастыру мәселесін ескеруді, маман тапшылығын азайту мен ерте диагностиканы жүйелі жолға қоюды тапсырды. Сондай-ақ бұл жұмысқа «Қазақстан халқына» қорын тарту қажеттігін атап өтті», – деді Екатерина Смолякова.
Оның айтуынша, инклюзивті білім беру мәселесі депутаттық қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі саналады. Атап айтқанда, ол ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау тетіктерін жетілдіруге қатысты бірқатар мәселемен айналысып келеді.
«Бұл – менің депутаттық жұмысымдағы маңызды бағыттардың бірі. Ымдау тілінің мәртебесін көтеру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту жүйесін жетілдіру, бірыңғай платформа құру және ABA-терапияны дамыту мәселелерімен айналысып келемін», – деп атап өтті депутат.
Депутат бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі жүргізілуі қажеттігін атап өтіп, Президенттің тиісті тапсырмаларына тоқталды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуі керек», – деді ол.
Депутаттың пікірінше, инклюзивті білім беру жүйесінің нәтижелілігі балалардың мектепке қабылдануымен ғана өлшенбеуі керек. Ең бастысы – олардың білім алуына қажетті жағдайдың жасалуы.
«Инклюзивті білім берудің тиімділігі тек мектепке қабылдаумен шектелмейді. Әр баланың сапалы білім алып, қажетті қолдауға қол жеткізуі үшін қолайлы орта, білікті мамандар және жүйелі жұмыс қажет», – деп түйіндеді Екатерина Смолякова.