Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Петропавл қаласы Жамбыл көшесіндегі ет өнімдерін заңсыз өндіретін цехты анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұйымдастырушының айтуынша, ол үйрек етін сатып алып, оны өңдеп, қаладағы базарларда саудалаған.
Заңсыз өндірісті ұйымдастырған 41 жастағы қала тұрғыны кәсіпкерлік қызметті заңсыз жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, ветеринариялық инспекция қызметкерлері оны ветеринариялық нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартты.
Ал өндіріс жүргізілген жағдайлардың қауіпсіздігін бағалау санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлерінің құзыретіне жатады.
Полицейлер тұрғындарды азық-түлік сатып алу кезінде мұқият болуға, брендтік өнімдерді фирмалық дүкендерден алуға және тауардың заңдылығын растайтын құжаттарды талап етуге шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада етпен айналысқан жасырын цех анықталған болатын.