Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында шетел азаматтарының Қызылорда облысы Арал ауданындағы жергілікті такси жүргізушісінің жол ақысын көтергені туралы бейнежазба жариялағандығы анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері такси жүргізушісінің жеке басын анықтады. Ол Арал ауданының 50 жастағы тұрғыны болып шықты.
Такси жүргізушісі Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу бойынша және тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен құқық бұзушыға айыппұл салынды.
Полиция жолаушыларды тасымалдау қызметі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиістігін ескертеді. Тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз такси қызметімен айналысуға, жолаушылардан негізсіз жоғары ақы талап етуге жол берілмейді. Аталған талаптарды бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.